"Дүние жүзін "Ұлы карантин" күтіп тұр". Коронавирус экономикаға қалай әсер етеді?
Дүние жүзін "Ұлы карантин" күтіп тұр
Коронавирус әлемді екі дүниежүзілік соғыс арасындағы Ұлы депрессиядан кейінгі экономикалық терең дағдарысқа ұшыратты. Ол осыдан он жыл бұрынғы қаржылық дағдарысты оп-оңай көлеңкелеп тастай алады. Ал ең жақсы жағдайда планета одан келесі жылы ғана қалпына келеді. Дүние жүзі елдері коронавирус салдарынан 9 триллион доллар жоғалтады. Дәл осындай болжамды Халықаралық валюта қоры жасады.
Былтыр ХВҚ 2020 жылы әлем экономикасы үш пайызға өсетінін болжаған еді. Енді пандемияға байланысты экономика, керісінше, құлдырайтын сыңайлы.
"Қазіргі дағдарыс шындығында ғаламшарлық деңгейде, ешбір ел одан құтыла алмайды. Дамыған да, дамушы елдер де Ұлы Депрессиядан бері тұңғыш рет рецессияға ұшырайды", - дейді ХВҚ бас экономисі Гита Гопинат ұйым сайтында.
Ол коронавирусқа байланысты келетін дағдарысты "Ұлы карантин" деп атаған.
ХВҚ болжамы COVID-19 пандемиясы биыл тоқтайды деген ойға негізделген. Егер көптеген елде инфекцияның таралу қарқыны жазға жетіп, екінші жартыжылдықта вирус тоқтап, карантин біртіндеп алынса, онда дамыған елдердің экономикасы биыл алты, дамушы елдерде бір пайызға төмендейді.
АҚШ пен Қытай экономикасы қаншалықты құлдырады?
ХВҚ басшысы Кристалина Георгиева қазіргі белгісіздік жағдайында экономикалық дағдарыстың қаншалықты кең және терең болатынын болжау мүмкін емес екенін айтады. Алайда енді экономикалық даму күрт өзгереді деп сеніммен айтуға болады, дейді ол.
"2020 жылдың өте қиын болатынына күмән жоқ. Егер екінші жартыжылдықта пандемия бәсеңдеп, шектеу шаралары біртіндеп алынып, экономикалық белсенділікке қайта оралу мүмкін болса, онда біздің бағалауымыз бойынша, экономика 2021 жылы ішінара қалпына келуі мүмкін", - дейді Кристалина Георгиева.
Дүние жүзінде экономикасы ең тұрақты саналатын АҚШ-тың жағдайы қиын. ВВС мәліметінше, бірінші тоқсанда АҚШ-тың жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 4,8 пайызға төмендеген. Экономистер бұл бір реттік сәтсіздік емес екеніне күмән келтірмейді, олардың айтуынша, АҚШ экономикасын жартыжылдық құлдырау күтіп тұр.
Елде карантиннің негізгі зияны екінші тоқсанда - сәуір, мамыр және маусымда болады деген болжам айтылды. Оның нәтижесі күзде хабарланбақ.
Коронавирустан зардап шегіп жатқан АҚШ қана емес. Экономикасы жағынан дүние жүзінде үшінші орында тұрған Қытай бірінші тоқсанда 6,8 пайызға құлаған. Бұл елдің экономикасы соңғы 50 жыл бойы 15 пайызға дейін тұрақты өсіп келе жатқан еді.
Еуропа экономикасы қалай?
Экономикасы дамыған АҚШ пен Қытайды айттық. Ал Еуропа елдерінің жағдайы қалай? Еуроодан экономикасы жағынан АҚШ-тан кейін екінші орында тұр. Еуростаттың соңғы мәліметі бойынша, ЕО экономикасы 2020 жылдың алғашқы үш айында 3,5 пайызға төмендеген.
Егер осы қарқын сақталса, бір жыл ішінде Еуроодақ экономикасы 13 пайызға құлдырайды деген болжам айтылды. Демек, Еуропа жыл қорытындысы бойынша 2 триллион доллар жоғалтады. Оған коронавирус және кризиспен күресуге кетіп жатқан тағы 2 триллион долларды қосыңыз.
Еуроодақ елдерінде карантин наурыздан бастап жарияланған, сондықтан екінші тоқсанда экономика одан сайын құлдырайды. Егер екінші жартыжылдықта вирус тоқтап, экономика қалпына келе алмаса, жалпы шығын одан да көп болады.
"Экономиканың құлдырау жылдамдығы мен тереңдігі бейбіт уақытта бұрын-соңды болмаған. Рецессияның ауқымы толықтай карантиннің қанша уақытқа созылатынына және адамдар мен бизнесті қолдау шаралары қаншалықты сәтті болуына байланысты", - деді Еуроодақ орталық банкінің басшысы Кристин Лагард.