Қолданбайтын банк картасының қаупі неде? Заңгер түсіндіреді30 октября 2020, 11:01
Заңгердің айтуынша, қазақстандықтар көп жағдайда жұмыс орнын ауыстырған кезде жалақы және кредит картасын ауыстыруды ұмытады. Салдарынан қарыз пайда болып, ол несие тарихына әсер етеді дейді.
"Қандай жағдай болсын кез келген банк картаға қызмет көрсетіп жатқаны үшін оның мерзімі аяқталғанға дейін міндетті түрде комиссия алып отырады. Оған қоса, банк қосымша қызметтері үшін де ақы алып отыруы мүмкін. Бұл картамен ешқандай операция жүргізілмесе де, комиссия алынып отырады. Себебі картаңыз клиенттер базасында бар. Төленбай қалған 50 теңгенің өзі несие тарихына әсер ететінін ескеру керек. Төлем картасын пайдаланбау картаға қызмет көрсету туралы шартты автоматты түрде бұзбайды, сондықтан клиенттің банк алдындағы және банктің клиент алдындағы құқықтары мен міндеттері жойылмайды", - деп түсіндіреді сарапшы.
Кредит төленбесе, банк жалақының қанша пайызын ұстай алады? - Заңгер түсіндіреді
Осы ретте маман қажет емес кредит картасын жаппаудың қаупіне тоқталды.
"Кредит картасын қолданып жүрген клиент оның қажеті болмаған жағдайда міндетті түрде картаны бұғаттап, оған қосылған қызмет түрлерінің бәрін алып тастауы қажет. Бірінші кезекте кредит бойынша және оның пайызы бойынша қарызды өтеуі керек. Сосын комиссия бойынша қарыздар болса оны да төлеуі қажет болады. Барлық ақылы қызмет түрін алып тастау керек. Сосын ғана банк өкілдерінен картаны және шотты жабуды сұрау керек", - деп кеңес берді сарапшы.
Сол себепті заңгер карта қажет болмаған жағдайда оны банкке өткізу керегін айтады. Ал егер карта жоғалған болса және сіз оны оған дейін біраз уақыт қолданбасаңыз міндетті түрде картаны бұғаттау керек дейді.
"Шотты жаппас бұрын банк клиентпен міндетті түрде түпкілікті есеп айырысады. Мысалы, клиенттің банк алдындағы комиссиялар бойынша қарызы өтелгені тексеріледі. Әдетте, карта өтініш берген күні-ақ жабылады, ал шот белгілі бір кезең өткеннен кейін барып қана жабылады - 10 күннен 45 күн уақыт аралығында. Бұл мерзім өзара есеп айырысулар жүргізу үшін беріледі", - дейді ол.
Сонымен қатар, сарапшы банктен міндетті түрде картаның жабылғаны және базадан шығарылғаны туралы жазбаша анықтама алу керегін айтады. Бұл болашақта сіздің өтелмеген қарызыңызға байланысты несие тарихыңыздан қандай да бір қате шыққан жағдайда, оны түзетуге керек болады дейді ол.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!